Студенттік ғылыми үйірмелер
Студенттердің ғылыми-іздену жұмыстары
Ғылым мен техниканың қарқынды өсу деңгейінің әлемдік үдерістерге әсер етуі, экономиканың ауқымдануы Қазақстанда да оның ғылыми әлеуетін күшейтуді қажет етуде. Сондықтан қазіргі кезеңде мемлекеттің басты міндеттерінің бірі ғылымды қолдау және дамыту болып табылады. Сол сияқты студенттердің де ғылыми-іздену жұмыстары теориялық және қолданбалы проблемаларды қалыптастыруға қызмет етеді. Біздің колледжде де студенттердің ғылыми-іздену жұмыстарына арналған үйірмелер ұйымдастырылған.
Студенттер өздерінің қызығушылықтарына сай факультативтік сабақтар мен үйірмелер және клубтарды таңдайды. Факультативтер мен үйірмелерге және клубтарға қатысатын студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттерін қалалық, облыстық, республикалық конкурстарда, спорттық жарыстарда дәлелдейді. Колледжішілік ғылыми-тәжірибелік конференцияға шығатын 7 үйірме жұмыс істейді. Үйірме жетекшілері мен мүшелері қатысып, өзекті мәселелер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізеді және ең үздіктері жүлделі орындармен марапатталады.
- №1 кафедра «Ұлы дала кемеңгерлері»
- №2 кафедра «Генезис»
- №3 кафедра «Шипагер»
- №4 кафедра «Мейірім»
- №5 кафедра «Жедел жәрдем»
- №6 кафедра «Жан дауа»
- №7 кафедра «Шипалы қолдар»
Үйірмелер білім алушылардың қызығушылықтарына қарай топтастырылған. Үйірме жұмыстарына қатысу студентердің ғылыми іздену жұмыстарына жол ашып, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулиды, білімдерін тереңдетіп, жан-жақты дамуға септігін тигізеді. Мысалы:
«Ұлы дала кемеңгерлері» үйірмесіне тарихқа, тарихи тұлғалардың өнегелі өмірі мен шығармашылығына қызығатындар, оны тереңірек оқып, үйренгісі келетіндер қатысады.
«Генезис» үйірмесіне жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығы бар студенттер қатысады. Колледжішілік ғылыми-тәжірибелік конференцияда студент Ерман Қаракөз, жетекшісі: Шерімбетова Ақбаян «Тері ауруланына ем болатын сабын» істеп шығарып жүлделі орын алды және сол жұмыспен облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
«Шипагер» үйірмесі қалалық емханамен бірге «Диабеттер мектебі» жұмыс жасайды. Үйірме мүшелері мен оқытушылар бірігіп қант диабетімен ауыратын науқастарды есепке алып, оларға профилактикалық жұмыстар жүргізіп, медициналық көмек көрсетеді т.б.
«Мейірім» үйірмесінің мүшелері диспансерлік тіркеуде тұратын науқастарға мейірбикелік көмек көрсетеді, олармен бірге реабилитациялық (қайта сауықтыру) іс-шараларын өткізеді, қан қысымдарын өлшейді, қандағы қант мөлшерін анықтайды, дәрі-дәрмектерін әкеліп береді және жалғызбасты науқастарға үй шаруашылығы бойынша көмек көрсетеді.